Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі 2027 жылы ашылуы мүмкін
Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасы 2027 жылы ашылуы ықтимал. Бұл туралы көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz
Оның айтуынша, бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының аудиторлар тобы келген. Қорытынды брифингте мамандар еліміздің азаматтық авиация жүйесінің жай-күйіне және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жоғары баға берген.
Ресми қорытынды есеп қараша айында жарияланады деп күтілуде.
«Жыл соңына дейін Қазақстан АҚШ аумағына әуе рейстерін орындау құқығын ресми түрде алады деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, алдымызға осындай міндет қойып отырмыз», – деді Ластаев ИКАО қауіпсіздік апталығы аясында.
Дайындықтың екінші кезеңі әуе кемелерімен байланысты. Желтоқсан айында Қазақстан АҚШ-қа ұзақ қашықтыққа ұшуға қабілетті Boeing 787 Dreamliner ұшағын қабылдауды жоспарлап отыр.
Алайда әуе кемесі жеткізілгеннен кейін бағытты бірден іске қосу мүмкін болмайды. Вице-министрдің сөзінше, ұшқыштар мен техникалық қызметкерлер жаңа үлгідегі ұшақты басқару және оған қызмет көрсету бойынша белгілі бір ұшу сағатын жинақтауы қажет.
«Осы талаптар орындалса, келесі жылдың ішінде тікелей әуе рейсі ашылады деп күтеміз», – деді Талғат Ластаев.
Алдын ала жоспар бойынша тікелей әуе қатынасы Астана мен Нью-Йорк қалаларын байланыстырады. Қазақстан астанасы негізгі ұшу нүктесі ретінде қарастырылып отыр.
Вице-министр бұл бағытқа сұраныс болатынын да атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықтың дамуын ескерсек, жаңа рейс коммерциялық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз