Сенбі, 20 Маусым 2026 г.

$ 488.18
559.6
6.65
  • Алматы
    23°C
    • Астана
      20°C
Ру

Қазақстан бітімгерлері БҰҰ миссияларында

Фото көзі: : Қорғаныс министрлігі
ZontNews.kz
Мамыр 29, 2026, 2:20 Т.Қ.

Бүгін Қазақстанда алғаш рет ресми түрде Бітімгер күні аталып өтуде. Кәсіби мереке БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 900-ден астам қазақстандық әскери қызметші Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі бітімгерлік миссияларына қатысқан. Қазіргі таңда 154 әскери қызметші Таяу Шығыс пен Африкадағы БҰҰ-ның 11 миссиясының 7-еуінде қызмет атқаруда.

Отандық бітімгерлер Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында, Ливан мен Оңтүстік Суданда әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде міндет атқарып жүр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігі Қазақстанның халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысу аясын кеңейтуді жалғастырып келеді. Осы бағытта 2024 жылдан бастап ұлттық контингент Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясына қатыса бастады.

Бітімгерлерді шетелдік миссияларға жіберу алдында олар БҰҰ талаптарына сай кешенді дайындықтан өтеді. Әскери қызметшілерге қажетті техника, заманауи қару-жарақ пен арнайы жабдықтар толық қамтамасыз етілген.

Дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында жүргізіледі. Мұнда әскери қызметшілер халықаралық гуманитарлық құқықты, ағылшын тілін, әскери медицинаны, минасыздандыру тәсілдерін меңгеріп, патрульдеу мен бақылау бекеттерінде қызмет ету машығын жетілдіреді.

Қазақстан – БҰҰ бітімгерлік миссияларына дербес мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет. Голан жоталарындағы ұлттық контингенттің қызметі қазақстандық армияның кәсіби даярлығы мен халықаралық деңгейде мойындалған әлеуетін айқын көрсетіп отыр.

БҰҰ миссиясының қолбасшылығы да қазақстандық әскери қызметшілердің жоғары кәсібилігін атап өтіп, олардың бітімгерлік операцияларға қосқан үлесін ерекше бағалауда.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз