Каспийді зерттеуге 1,1 млрд теңге бөлінді
Үкімет резервінен «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ға 1,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ZontNews.kz хабарлайды.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бөлінген қаржы институттың ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталады. Атап айтқанда, Каспий теңізінде мониторинг жүргізуге арналған негізгі жабдықтар сатып алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханалар заманауи құралдармен жабдықталмақ. Бұл теңіздің қазақстандық секторында жүріп жатқан процестерге қатысты ғылыми-негізделген деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институты халықаралық ғылыми қауымдастықпен белсенді ықпалдасып, Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми орталықтарының қауымдастығына мүше болған.
Қаулыны іске асыру аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылса, Қаржы министрлігіне бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүктелді.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде Каспий теңізінің экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірген болатын. Сондай-ақ теңіздің күрт таяздануына байланысты мамандар шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз