«Яндекс» ақауынан кейін депутаттар деректердің қорғалуын тексеруді ұсынды
«Әділет» партиясының депутаттары «Яндекс» сервистеріндегі ақаудан кейін қазақстандықтардың дербес деректерінің қорғалуына қатысты тексеру жүргізуді ұсынды. Олар Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттардың мәліметінше, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» компаниясының бірқатар сервисінде ақау пайда болған. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымда туындаған мәселемен байланыстырған. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір компоненттер ел аумағынан тыс жерде екенін растаған.
Осыған байланысты депутаттар азаматтардың жеке мәліметтері қай елде өңделетінін және олардың шетелге берілуі заң талаптарына сәйкес келетін-келмейтінін тексеру қажет деп санайды. Олардың айтуынша, күнделікті пайдаланылатын цифрлық сервистер телефон нөмірлері, мекенжайлар, жүріп-тұру бағыттары мен төлем деректері сияқты ақпаратты өңдейді.
Сондай-ақ депутаттар мемлекеттік сатып алу порталында азаматтардың жеке мәліметтерінің жариялануына назар аударды. Олардың дерегінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің деректерін жариялаған. Ал Семейде қызметкерлермен бірге 344 кәмелетке толмаған баланың жеке мәліметтері ашық қолжетімді болған.
Депутаттар деректерді қорғауға міндетті ұйымдардың өздері ақпаратты жариялағанын атап өтті. Әсіресе балалардың тұрғылықты жері, оқитын мектебі, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтердің таралуы олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін жеткізді.
Осыған байланысты олар дербес деректердің шетелге берілуінің заңдылығын тексеруді, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың ақпарат жинау тәртібін бағалауды және ашық жарияланатын мәліметтерді бүркемелеу талаптарының сақталуын анықтауды ұсынды. Бұдан бөлек, жауапты мамандардың біліктілігін арттыру, жергілікті атқарушы органдарға бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу және деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты.
Бұған дейін, 8 қазанға қараған түні Ресейдің Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан «Яндекс» компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасағаны хабарланған. Оқиғадан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Компания жекелеген сервистерде ақаулар болғанын растаған.
Yandex Cloud мәліметінше, дата-орталық аймақтарының бірінде электр қуатына қатысты мәселе туындаған. Ал Downdetector деректеріне сәйкес, пайдаланушылардың шағымдары Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де тіркеле бастаған.
Депутаттардың пікірінше, цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне тікелей байланысты.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз