Головкин бокстың аңыздар қатарына қосылды
Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанды. Осылайша ол Қазақстан тарихында бұл мәртебеге қол жеткізген алғашқы спортшы болды деп хабарлайды ZontNews.kz. ҰОК-ке сілтеме жасап.
Салтанатты рәсім АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтті. Головкин кәсіби бокстағы жоғары жетістіктері үшін Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл – бокс әлеміндегі ең беделді марапаттардың бірі саналады.
Енді қазақстандық чемпионның есімі әлемдік бокс тарихында өшпес із қалдырған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді әйгілі спортшылармен қатар аталады.
Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды. Ал кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Соның ішінде 37 қарсыласын нокаутпен ұтқан.
Мансабында ол WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының чемпиондық белбеуін иеленді. Көп жыл бойы салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылар рейтингінде көш бастады.
Геннадий Головкиннің әсерлі жекпе-жек стилі мен жарқын жеңістері оны әлемдік бокстың ең танымал тұлғаларының біріне айналдырды. Оның кездесулері миллиондаған көрерменнің қызығушылығын тудырып, кәсіби бокстың дамуына зор үлес қосты.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз