Елімізде құқықтық мәдениет сабақтары енгізілді
Бүгіннен бастап Қазақстанның барлық өңірінде 1000-ға жуық мектеп пен колледжде құқықтық мәдениет сабақтары басталды, деп хабарлайды ZontNews.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа пәнді енгізу туралы шешім Алматы облысы Талғар ауданында өткен пилоттық жоба нәтижесінде қабылданған. Тәжірибе барысында оқушылар арасындағы буллинг пен құқық бұзушылық деңгейі төмендегені байқалған.
Жоба аясында Шымкент қаласында 100-ге жуық, Қарағанды облысында 190-нан астам, Павлодар облысында шамамен 110 білім беру ұйымы қамтылған. Сабақтарға құқық қорғау саласында тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылып, олар екі аптада кемінде бір рет дәріс өткізеді.
Министрлік мәліметінше, пилоттық кезеңде буллинг пен кибербуллинг 18%-ға азайып, тәуекелі төмен оқушылар үлесі 31,9%-ға артқан. Сонымен қатар ерекше бақылауды қажет ететін жасөспірімдер саны 30%-ға қысқарған.
Жоба оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ол «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз