Экологиялық талап бұзылды: “Теңізшевройлға” ірі айыппұл салынды
Атырау облысында “Теңізшевройл” ЖШС экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы ZontNews.kz. өңірлік экология департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандар жүргізген тексеріс барысында атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың белгіленген нормадан асқаны анықталған. Осыған байланысты компанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар Жылыой аудандық сотына жолданған.
Сот 20 сәуірдегі қаулысымен кәсіпорынды кінәлі деп танып, айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Айта кету керек, бұл компанияға қатысты алғашқы жаза емес. Бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында, “Теңізшевройл” қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 639,6 миллион теңге айыппұл төлеген.
Компания ірі халықаралық серіктестермен жұмыс істейді. Оның құрамына америкалық Chevron (50%), “ҚазМұнайГаз” (20%), “ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.” (25%) және “Лукойл” (5%) кіреді.
Теңіз кен орны Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Сарапшылардың бағалауынша, ол елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1 миллион баррельге жуық.
Бұған дейін Қазақстан билігі Chevron компаниясымен 2033 жылы аяқталатын келісімшартты ұзарту мүмкіндігін талқылауды бастағаны хабарланған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз