Диплом бар, жұмыс жоқ: түлектер мәселесі Парламентте көтерілді
Қазақстанда жоғары оқу орнын тәмамдағанымен, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар мәселесі Қазақстан Парламенті қабырғасында өткен Үкімет сағатында талқыланды. Бұл туралы ZontNews.kz. хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жоғары білімнің қымбаттығына қарамастан, оның нақты қайтарымы күмән тудыратынын айтты. Оның сөзінше, бір студент оқу барысында орта есеппен 10 миллион теңгеден астам қаражат жұмсайды, алайда диплом алған соң жұмыссыз қалу жағдайлары жиі кездеседі.
Депутат осыған байланысты университеттердің жауапкершілігі қандай екенін және оқу ақысын қайтару тәжірибесі бар-жоғын сұрады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының қызметі заңмен реттелетінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет білім беру бағдарламаларының сапасын бақылайды, алайда қазіргі таңда бақылау тетіктері бұрынғыдай қатаң емес.
Министр сондай-ақ қысқа мерзімді курстар мен коучингтердің көбеюіне байланысты формалды емес білім беру нарығында да реттеу қажеттігін айтты.
Бұл бағытта «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы маңызды рөл атқаруы мүмкін. Құжатқа сәйкес, психологтарға нақты талаптар қойылып, олардың қызметі заңмен реттелмек.
Жұмыссыз түлектерге қолдау ретінде «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылғы 22 сәуірдегі дерек бойынша, бағдарлама аясында 2 655 жас маман жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін 25 мың адамды қамту жоспарланған.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жұмыссыз түлектер қатыса алады. Орташа жалақы шамамен 129 мың теңгені құрайды.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны Аминат Бақытбекқызы осы бағдарлама арқылы тәжірибе жинап, кейін тұрақты жұмысқа орналасқанын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін білім беру сапасын арттырумен қатар, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау маңызды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз