Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды
Бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік іс бойынша сот шешімі шықты. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Астана сотына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, Астана көшелерінде үш бірдей жол-көлік оқиғасын жасаған.
Атап айтқанда, ол алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан. Кейін басқа көлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соққан. Бұдан соң Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққы салдарынан аталған көлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Оқиғалардың салдарынан бірнеше көлік механикалық зақым алып, материалдық шығын келген.
Соттың хабарлауынша, спортшының кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, әкімшілік хаттамалармен, жол апатының сызбаларымен, бейнежазбалармен және өзге де дәлелдермен расталған. Медициналық тексеру нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындаған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша жаза баламасыз болғандықтан, сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындады.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанада Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ полиция Toyota Land Cruiser жүргізушісінің бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалғанын растаған еді. Кейін сот кабинетінде спортшыға қатысты әкімшілік істің сотқа жолданғаны туралы ақпарат жарияланды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз