Бибігүл Жексенбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылығына келді
Сенаттың бұрынғы депутаты Бибігүл Жексенбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ZontNews.kz ұлттық арнаның Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Бибігүл Жексенбай 1971 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін құжаттандыру және консулдық қызмет бағыты бойынша тәмамдаған. Іскерлік әкімшілендіру магистрі – MBA дәрежесіне ие.
Ол медиа саласында 35 жылға жуық еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 1991 жылы республикалық басылымдарда журналист болып бастаған.
1996–2007 жылдары «Хабар» агенттігінде журналист, продюсер және Астанадағы Орталық бюро директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін «Қазақстан» РТРК-ның Ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясын басқарды.
Әр жылдары «Жетінші арна» және «ЭРА ТВ» компанияларында басшылық қызметтер атқарып, «Астана» телеарнасының бас директоры болды.
Бибігүл Жексенбай 2016–2019 және 2022–2023 жылдары Сенат төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. 2023–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Ол сондай-ақ «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстанның Азаматтық альянсы президентінің орынбасары, гендерлік омбудсмен және ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз