Бас прокуратура желідегі жалған ақпаратқа ескерту жасады
Қазақстанның Бас прокуратурасы әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасап, интернет кеңістігінде ақпарат таратуда жауапкершілікті сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәлімдеуінше, тексерілмеген әрі жалған ақпараттың таралуы қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Осыған байланысты азаматтарға кез келген пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын мұқият бағалау ұсынылады.
Прокуратура жала жабу, қорлау және көрінеу жалған мәлімет тарату заң алдында жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар сөз бостандығы басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға негіз бола алмайтыны ескертілді.
– Ақпарат тек нақты әрі тексерілген деректерге негізделуі тиіс. Болжам мен жорамалға құрылған мәліметтерді тарату ақпараттық этикаға қайшы, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство қылмыстық қудалау органдарының басты мақсаты тек жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін жеткізді.
Соңғы уақытта Қазақстанда «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша бірқатар блогерлер мен қоғам белсенділеріне қатысты істер қозғалған. Бұл жағдайлар қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз