Қазақстандағы мыс активтері қайтадан бұрынғы иелерінің бақылауына өтті
Қазақстандағы мыс саласына қатысты ірі активтердің бірі бұрынғы иелеріне қайта оралды. Бұл туралы ZontNews.kz хабарлайды.
Ақпан айында Aidarly Project компаниясының акционерлік құрамында өзгеріс болды. Бұған дейін 68,95% үлеске ие болған Қазақмыс корпорациясы ЖШС-ның орнына «Qaz Copper Group» ЖШС кірді. Ал 31,05% үлесі бар нидерландтық Aidarly B.V. өзгеріссіз қалды.
Осылайша, «Қазақмыстың» бұрынғы еншілес компанияларының біріндегі ірі үлес мыс корпорациясының жаңа иесі Нұрлан Артықбаевтан оның бұрынғы қожайындары – Владимир Ким мен Эдуард Огайға өтті. Акционерлік құрамдағы бұл өзгеріс 2026 жылғы 18 ақпанда тіркелген.
Айта кетейік, «Қазақмыс корпорациясы» 2026 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпкер, Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевқа тиесілі болған. Ол бұл активті 2024 жылдың желтоқсанында Qazaq Acquisition Corp. Ltd. арқылы сатып алған.
Ал «Qaz Copper Group» ЖШС 2025 жылғы желтоқсанда құрылған. Оның тікелей құрылтайшысы – «Kazakhmys Copper» АҚ, ал түпкілікті бенефициарлары бірнеше компания арқылы Владимир Ким мен Эдуард Огай болып саналады. Артықбаевқа сатылғанға дейін дәл осы тұлғалар «Қазақмыс корпорациясына» иелік еткен.
«Aidarly Project» АҚ Жезқазған қаласында тіркелген және Абай облысындағы Айдарлы мыс кен орнында жұмыс істейді. Компания 2006 жылы барлау және өндіру бойынша келісімшарт алған, ал 2015 жылы бұл келісімшарт өз атына қайта рәсімделген.
Forbes Kazakhstan дерегіне сәйкес, Владимир Ким елдегі ең бай кәсіпкерлердің алғашқы үштігіне кіреді, оның байлығы шамамен 5,7 млрд доллар деп бағаланады. Ал Эдуард Огайдың байлығы 761 млн долларды құрап, ол ең ауқатты кәсіпкерлердің алғашқы он бестігіне енген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз