Атырауда жоғалған отбасы ісі: қылмыстың себебі белгілі болды
Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен төрт адамға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Полицияның мәліметінше, былтыр қарашадан бері байланысқа шықпаған 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы іздеуде болған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тергеу барысында зейнеткер ерлі-зайыптылардың денесі үй ауласындағы шаруашылық құрылыстан табылған. Кейін қосымша іздестіру кезінде олардың балаларының мәйіттері де анықталды.
Қылмыс жасады деген күдікпен отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланған. Ол Индонезия аумағында ұсталып, Қазақстанға депортацияланды. Күдікті кінәсін мойындаған.
ІІМ мәліметінше, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Қазіргі уақытта тергеу «екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы да тексерілуде.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз