Астанада жаңа LRT желісі іске қосылады
Астанадағы LRT осы аптада іске қосылады, деп мәлімдеді “City Transportation Systems” ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев, деп хабарлайды ZontNews.kz.
БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, жаңа көлік жүйесінің жұмысы таныстырылды. Жалпы LRT желісінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Жүйеде 18 станция болады: оның 11-і жер асты, 7-і жер үсті станциялар.
Компания мәліметінше, барлық станциялар қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына сай жабдықталған. Онда билет сату орындары, автоматтандырылған жүйелер, күту залдары, санитарлық тораптар және қауіпсіз аймақтарды бақылау жүйелері қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифтілер мен эскалаторлар орнатылған.
Бір реттік жол жүру құны 200 теңге, ал LRT көлік картасының бағасы 1000 теңге болып бекітілді.
Төлем жасаудың бірнеше тәсілі қарастырылған:
– Visa/MasterCard карталары арқылы;
– NFC (Apple Pay, Samsung Pay);
– QR-код арқылы (KaspiBank, HalykBank қосымшалары);
– бір реттік билет арқылы (касса немесе терминалдан).
Сондай-ақ мектеп оқушылары мен жеңілдік санатындағы азаматтар үшін тегін жол жүру қарастырылған.
CTS өкілдері вагондар арнайы дыбыс оқшаулау технологиясымен жабдықталғанын айтты.
“Пойыздар пилотсыз басқарылады, яғни ішінде жолаушы болмайды. Барлық басқару бірыңғай диспетчерлік орталық арқылы жүзеге асады. Алайда төтенше жағдай кезінде вагонда операторлар болады,” – деді Асылбек Дүйсебаев.
Оның айтуынша, барлық құрамдар таңертең автоматты түрде желіге шығып, түнде өздігінен депоға қайтады.
“Деподағы 19 құрам кесте бойынша автоматты түрде жұмыс істейді. Жуу және техникалық қызмет көрсету процестері де автоматтандырылған,” – деді ол.
CTS мәліметінше, LRT жүйесі осы демалыста, яғни 16–17 мамыр күндері іске қосылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз