Астанада Қазақстан Сенатының соңғы отырысы өтті.
Жоғарғы палатаның депутаттары заң шығару билігінің жаңа моделіне көшу қарсаңында өз өкілеттіктерін аяқтады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
1 шілдеден бастап елімізде жаңартылған Конституция күшіне енеді. Соған сәйкес Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламент өз жұмысын тоқтатады. Оның орнына бір палаталы Құрылтай құрылмақ.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қорытынды пленарлық отырыста сөз сөйлеп, жоғарғы палатаның қызметіне тоқталды. Ол депутаттарға, Сенат аппаратының қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және ел Президентіне бірлескен жұмыс үшін алғыс айтты.
«Екі палаталы Парламент 30 жыл бойы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеді деп толық айтуға негіз бар. Осы жылдар ішінде Парламент қабырғасында мемлекеттің тағдырын айқындаған тарихи шешімдер мен маңызды заңдар қабылданды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Сенаттың үш онжылдық қызметі барысында 890-нан астам пленарлық отырыс өтіп, Парламент 3500-ден астам заң қабылдаған.
Сондай-ақ Сенат төрағасы депутаттардың саяси реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесін атап өтіп, жаңартылған Конституция негізінде ел дамуының жаңа кезеңі басталатынына және «Әділетті Қазақстанды» құру ісі жалғасатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Мәулен Әшімбаев парламент қызметін объективті жариялап келген журналистерге алғыс айтып, олардың мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Қолданыстағы Парламенттің жұмысы Сенат пен Мәжілістің соңғы бірлескен отырысымен аяқталады. Осыдан кейін Қазақстанның заң шығару жүйесі жаңа модельге толық көшеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз