Сенбі, 20 Маусым 2026 г.

$ 488.18
559.6
6.65
  • Алматы
    23°C
    • Астана
      20°C
Ру

Астанада дрон-футболдан республикалық чемпионат өтеді

Фото көзі: Жеке мұрағаттан
ZontNews.kz
Мамыр 29, 2026, 10:41 Т.Ж.

2026 жылғы 1 маусымда Астанада Astana FIDA Drone Soccer Championship 2026 – дрон-футболдан республикалық чемпионат өтеді. Ауқымды жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен командалар, білім беру ұйымдарының өкілдері, жаттықтырушылар, мектеп оқушылары мен студенттер қатысады, деп хабарлайды   ZontNews.kz. 

Чемпионат Астана қаласы әкімдігінің, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Іс-шараны «Қазақстандық дрон-футбол қауымдастығы» қоғамдық қоры өткізеді.

Дрон-футбол – пилоттау шеберлігін, инженерлік ойлауды, робототехниканы және командалық стратегияны біріктіретін заманауи технологиялық спорт түрі. Қатысушылар арнайы қорғаныс қаптамасындағы дрондарды басқарып, FIDA ережелері бойынша арнайы аренада бақ сынайды.

Жарыс Class 20 және Class 40 санаттары бойынша, сондай-ақ пилоттардың жеке есеп форматында өтеді.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар 2026 жылдың шілде айында Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық турнирде Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық чемпионат технологиялық спортты дамытуға серпін беріп, жастарды STEM, робототехника және инженерлік білім бағыттарына қызықтыруға жол ашады.

«Бұл – Қазақстан үшін жай ғана спорттық жарыс емес, жастарға арналған жаңа технологиялық бағыттарды дамытуға жасалған маңызды қадам. Дрон-футбол спортты, инженерлік ойлауды және заманауи ұшқышсыз технологияларды біріктіреді. Біз бұл бағыттың елдің білім беру және спорт экожүйесінің тұрақты бөлігіне айналғанын қалаймыз», – деді Қазақстандық дрон-футбол қауымдастығының директоры Алихан Рыспай.

Чемпионат аясында балалар мен жасөспірімдер арасындағы технологиялық спортты дамытуға, жаттықтырушылар даярлауға және инженерлік бағыттарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

Astana FIDA Drone Soccer Championship 2026 Қазақстанда ұшқышсыз авиация, робототехника және технологиялық спорт бағыттарын дамытуға арналған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз