Қарулы шабуыл – Трамптың резиденциясында адам атып өлтірілді
АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясының аумағына қарулы ер адам заңсыз кірген. Оқиға барысында ол АҚШ-тың Құпия қызмет агенттері тарапынан оққа ұшып, қаза тапты. Бұл туралы ZontNews.kz BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, күдікті шамамен 20 жаста болған және өзімен бірге қару алып жүрген. Құпия қызмет өкілдері марқұмның жеке деректері оның туыстарына хабар берілгеннен кейін ғана жарияланатынын мәлімдеді.
Палм-Бич округінің шерифі Рик Брэдшоу резиденция аумағына мылтықпен кірген ер адамның қарсылық көрсетуге тырысқанын айтты. Оның сөзінше, күдікті шерифтің орынбасары мен екі қауіпсіздік агентіне бетпе-бет келген. Қауіпсіздік қызметкерлері оған қолындағы жанармай құйылған канистр мен қаруды тастауды талап еткен.
Ер адам канистрді жерге қойғанымен, қаруды қолдануға әрекеттенген. Осыдан кейін шерифтің орынбасары мен Құпия қызмет агенттері оны атып тоқтатуға мәжбүр болған.
Айта кетейік, Мар-а-Лаго – Флорида штатындағы Палм-Бич қаласында орналасқан жеке резиденция. 2019 жылдың қараша айынан бері бұл нысан Трамп отбасының тұрақты мекені ретінде пайдаланылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз