Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жаяу жүргінші қаза тапты
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында тағы бір адам жол-көлік оқиғасының құрбаны болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қаланың басты автомагистральдерінің бірінде болған апат салдарынан бір әйел көз жұмды. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 25 наурыз күні сағат 22:50 шамасында Бостандық ауданында тіркелген. Mitsubishi Delica көлігінің жүргізушісі шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесі тұсында жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр соққыдан әйел оқиға орнында жан тапсырды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұл – әл-Фараби даңғылындағы алғашқы қайғылы жағдай емес. Жақында ғана осы жолда үш адамның өмірін қиған ірі жол апаты болған еді. Сол оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, күдіктіге қатаң жаза қолдану талаптары айтылған.
Полицияның хабарлауынша, бұл жолғы апатқа қатысты барлық қатысушылар анықталған. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды, сондай-ақ оқиға куәгерлерінің жеке видеоларын тәркілеп, оларды қылмыстық іс аясында жан-жақты зерттеп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз