Алматыдағы қайғылы апат: Әл-Фарабиде үш адам қаза тапты, туыстары әділдік талап етеді
Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы апат салдарынан үш адам көз жұмды. Марқұмдардың туыстары істің ашық әрі әділ тергелуін талап етіп, апатқа қатысы бар барлық тұлғаларды жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қаза тапқандардың жақындары бұл оқиғаны кездейсоқ жағдай емес, жауапсыздықтың салдары деп санайды.
«Менің құрбым сол түні қаза тапты. Бір адамның әрекетінен үш бірдей адам жер қойнына кетті. Біз ашық сот өткізуді талап етеміз», – дейді марқұмдардың бірінің жақыны.
Апат кезінде Mercedes көлігінде болған үш адам – жүргізуші және екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізуші Еламан 29 жаста болған, компьютерлік клубта әкімші қызметін атқарған. Оның артында 6 жасар қызы қалды. Туыстарының айтуынша, ол сол түні таныс қызды үйіне жеткізіп, кейін өз шаруаларымен кеткен. Қаза болған қыздардың бірі – 22 жастағы Құмар, медициналық білімі бар, психолог мамандығында оқып жүрген студент. Екінші қыз туралы мәлімет аз, оның тұрмыста болғаны ғана белгілі.
Алдын ала мәлімет бойынша, қарсы жолаққа шыққан Zeekr көлігінің жүргізушісі апатқа себеп болған. Көліктің иесі – кәсіпкер Александр Пак. Қазіргі уақытта ол түрлі жарақаттармен ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның қабырғасы, жамбас сүйегі мен аяғы сынғанын хабарлаған. Полицияның мәліметінше, жағдайы тұрақтанған соң күдікті қамауға алынады.
Сонымен қатар куәгерлер сол түні Zeekr жүргізушісі BMW көлігімен жарыс ұйымдастырғанын айтады. Марқұмдардың туыстары бұл көлік жүргізушісін де жауапқа тартуды талап етуде.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен іс қозғалды. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Жүргізушінің мас күйде болған-болмағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалған, оның нәтижелері кейінірек белгілі болады.
Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, қыс мезгілінде Қазақстанда 7 742 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 429 адам қаза тапқан. Ең көп апат Алматыда тіркелген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз