Алматыда жасөспірімге қатысты қылмыс сотта қаралып жатыр
Алматы қаласында мектеп жасындағы қызға қатысты ауыр қылмыс тіркелді. Бұл ақпаратты адвокат Ляззат Рақышева мәлімдеді. Бұл туралы ZontNews.kz Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қорғаушының айтуынша, күдікті – жәбірленуші отбасының танысы болған, бұрын үйге еркін кіріп жүрген ер адам. Қыздың ата-анасы ажырасқан, ал анасы қазір басқа қылмыс үшін жазасын өтеп жатыр. Осыған байланысты ол баласына қатысты жағдайдан ұзақ уақыт бойы бейхабар болған.
Адвокаттың сөзінше, тергеу басталып, іс сотқа жеткенімен, жауапты органдар қыздың анасын ресми түрде құлағдар етпеген. Ол бұл жағдайды тек бірнеше ай өткен соң ғана білген.
Осы уақыт ішінде жасөспірімге жақын туыстары мен күдікті тарапынан психологиялық қысым көрсетілгені айтылды. Соның салдарынан қыз сот барысында бастапқы айтқан мәліметтерін өзгертуге мәжбүр болған.
– Оған өзін кінәлі сезіндіруге тырысқан. Соның әсерінен сотта берген жауабы мүлде басқа сипат алды, – деді адвокат.
Қорғаушының мәліметінше, қазіргі таңда анасы мен қызы толыққанды психологиялық және құқықтық қолдауға мұқтаж. Сондай-ақ күдіктінің денсаулығына қатысты ауыр диагнозы бар екені белгілі болған.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл істі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергегенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, күдікті көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
– Тергеу барлық талапқа сай жүргізілді және басшылықтың ерекше бақылауында болды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қылмыстық іс бойынша тергеу былтыр желтоқсан айында аяқталып, материалдар сотқа жолданған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева істің бастапқыда ең ауыр жаза көзделген баппен сотқа жіберілгенін, алайда сот барысында айыптың жеңілдетілгенін айтты.
Оның сөзінше, бұл жағдайға байланысты прокуратураға ресми өтініш жолданған. Қазір уәкілдік Ішкі істер министрлігімен, жәбірленушінің анасымен және адвокатпен тұрақты байланыста. Қыз бала қауіпсіз ортаға орналастырылған, ал анасы мен қызына психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.
«Басты міндет – баланың қауіпсіздігі мен құқығын толық қорғау», – деді уәкіл.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз