Сейсенбі, 5 Мамыр 2026 г.

$ 464.9
543.53
6.16
  • Алматы
    16°C
    • Астана
      19°C
Ру

Алматыда Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті

Фото көзі: : qaz365.kz
ZontNews.kz
Сәуір 21, 2026, 11:43 Т.Ж.
0
13

Алматыда көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиын 21 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

19 сәуірде өмірден озған қаламгерді соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды. Таңғы сағаттардан бастап театр маңына халық ағылып, ұзын кезек қалыптасты. Рәсім барысында залға жиналған жұрт қана емес, дәліздер мен фойелер, тіпті сырттағы баспалдақтар да қаралы қауымға толды. Ақынның табыты үлкен залға қойылып, оның ел алдындағы еңбегін айғақтайтын марапаттары көпшілік назарына ұсынылды.

Қоштасу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Мәулен Әшімбаев, Аида Балаева, Дархан Сатыбалды бар. Олар ақынның ел руханиятындағы орны мен тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мұхтар Шахановтың ұлт рухын көтерген қайраткер екенін айтып, оның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Жиында қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев те сөз сөйлеп, Садыр Жапаровтың көңіл айту хатын оқыды. Онда Мұхтар Шахановтың тек қазақ халқына ғана емес, қырғыз жұртына да ортақ тұлға болғаны атап өтілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның отбасы мен жақындарына арнайы көңіл айту жеделхатын жолдап, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мұхтар Шаханов – поэзия мен қоғам өмірін қатар алып жүрген ірі тұлға. Ол саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнап, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Ақынның шығармалары көптеген тілге аударылып, кеңінен танылды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз