Адвокат: Қордайдағы әскери бөлімде сарбазға қатысты іс бұрмалануда
2026 жылғы 10 қаңтарда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Отар ауылдық округіндегі Гвардейский кентінде орналасқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты №21450 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметкер Қапар Есбол Қалыбекұлы ауыр дене жарақатын алған, деп хабарлайды ZontNews.kz Orda.kz редакциясына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз соққыға жығылып, жақ сүйегі сынып, оған хирургиялық ота жасалған. Алайда қорғаушысының айтуынша, медициналық көмектен кейін Қапар Есбол екі апта бойы әскери бөлім аумағында емес, жалдамалы пәтерде ұсталған.
Бұл туралы Қапар Есболдың қорғаушысы Ғабит Өмірбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда істің нақты мән-жайы бұрмаланып, оқиғаға қатысы бар тұлғалар жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отыр.
Қорғаушының сөзінше, жанжал сержант Сайланұлы Айдынның мерзімді әскери қызметкер Қапар Есболды сапта тұрған кезінде бірнеше рет балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтуынан басталған. Есбол мұндай қорлауға шыдамай, оған сөз қайтарған, осыдан кейін олардың арасында түсінбеушілік туындаған. Кейін сержант Есболды жеке шақырып, әріптестерінің көзінше беделін түсіргені үшін оны көрген сайын қорлап, қысым көрсететінін ашық айтқан.
10 қаңтар күні күндіз сержант Сайланұлы Айдын басқа сарбаздардың көзінше Қапардың намысына тиетін сөздер айтып, тиісе берген. Қапар жанжалға бармай, оны елемеуге тырысқан. Алайда бұл жағдай сержанттың ашуын күшейтіп, кешкі уақытта оны «жеке сөйлесеміз» деген сылтаумен спортзалға ертіп барған.
Сағат 17:00 шамасында №21450 әскери бөлімінің екінші казармасындағы спорт залында сержант Сайланұлы Айдын Қапар Есболдың бетінен шапалақпен ұрған. Қапар оны итеріп жіберген сәтте, арт жағынан темір затпен соққы алған. Соққы күтпеген жерден жасалған. Осыдан кейін Қапар тізерлеп отырып қалған, ал сержант Айдын оның бет тұсынан аяғымен тағы бір рет соққы жасап, оқиға орнынан кетіп қалған. Нәтижесінде сарбаз тек жақ сүйегінен ғана емес, денесінің бірнеше жерінен жарақат алған.
Ғабит Өмірбековтің айтуынша, қазіргі таңда тергеу барысында «Қапар Есболды қатардағы жауынгер ұрды» деген нұсқа алға тартылып, істің шынайы мән-жайы өзгертіліп отыр.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің арнайы прокурорлар бөлімінде қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын арнайы прокурор жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз