Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

АӘК кімдерге берілмеуі мүмкін?

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қаз. 21, 2026, 2:27 Т.Қ.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының табысымен қатар мүлкі, көлігі, банк шоттарындағы шығыны, жинағы мен несиелері де ескеріледі, деп хабарлайды ZontNews.kz

АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы бойынша есептеледі. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының жалпы табысы 100 мың теңге болса, әр адамға 25 мың теңгеден келеді. Кедейлік шегі 40 мың теңге болған жағдайда отбасы ай сайын 60 мың теңге көлемінде көмек ала алады.

АӘК рәсімдеу үшін өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері жеке және банктік деректерін тексеруге келісім беруі керек. Уәкілетті органдар банк шоттары, аударымдар, жинақтар, несиелер, ай сайынғы төлемдер және мерзімі өткен берешек туралы ақпаратты тексереді. Мұндай келісім берілмесе, көмек тағайындалмайды.

Жаңа талаптар бойынша учаскелік комиссия мынадай жағдайларда отбасыны көмекке мұқтаж емес деп тануы мүмкін:

  • отбасының бірнеше баспанасы болса немесе өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде тұрғын үйін сатса;

  • табыс әкелетін жылжымайтын мүлкі болса;

  • жеке үйімен қатар тұрғын үй салуға арналған жер учаскесі болса;

  • техникалық жарамды бірнеше автокөлігі болса;

  • ауыл шаруашылығы техникасы, автобус, шағын автобус, жүк немесе арнайы көлігі болса;

  • банк шоттарындағы шығын мөлшері белгіленген шектен асып кетсе;

  • өтініш бергенге дейінгі тоқсанда ірі несие немесе микрокредит рәсімдесе;

  • банк салымдарының жалпы көлемі 200 АЕК-тен асса.

Көпбалалы отбасыларға және құрамында мүгедектігі бар бала немесе I және II топтағы мүгедектігі бар адам тұратын отбасыларға бір немесе екі автокөлік ұстауға рұқсат етіледі. Ал тұрғын үй құрылыс жинақтары депозиттердің жалпы көлемін есептеу кезінде ескерілмейді.

Қазақстанда АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Шартсыз көмек жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын аз қамтылған азаматтарға тағайындалады. Шартты көмек еңбекке қабілетті азаматтарға беріледі және олар жұмыспен қамту шараларына қатысып, әлеуметтік келісімшарт жасауға міндетті.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз