12 млрд теңге: шетелдік қаржы кімдерге бөлінді?
2025 жылдың екінші жартысында Қазақстан азаматтары мен ұйымдары шетелден 12 млрд теңгеден астам қаржы алған. Мемлекеттік кірістер комитеті алғаш рет шетелдік донорлар мен қаржы алған ұйымдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тізімге үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, медиа және құқық қорғау құрылымдары енгізілген. Олар халықаралық қорлардан, шетелдік үкіметтік ұйымдардан, дипломатиялық өкілдіктерден және өзге де институттардан қаржы алған.
Ең ірі қаржыландыру құқық қорғау және медиа саласындағы ұйымдарға тиесілі. Ашық дереккөздерге сәйкес, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы 350 млн теңгеден астам қаражат алған. MediaNet – шамамен 300 млн теңге, ал Құқықтық саясатты зерттеу орталығы – 284 млн теңге көлемінде қаржыландырылған.
Сонымен қатар CAPS Unlock, PaperLab, «Әділ сөз», «Бостандық қанаты», «Ар.Рух.Хақ» және FemAgora сияқты ұйымдар да шетелдік донорлардан қаржы алған.
Қаржы көздері ретінде Open Society Foundations, National Endowment for Democracy, European Endowment for Democracy, шетелдік елшіліктер мен халықаралық қорлар көрсетілген.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл тізім Салық кодексі мен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң талаптарына сәйкес жарияланған. Алайда құжатта қаражаттың нақты қай жобаларға жұмсалғаны толық ашылмаған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз