Зеленский соғысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатуға келісетінін мәлімдеді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арадағы соғыс қимылдарын қазіргі майдан шебін сақтай отырып тоқтатуға болатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол америкалық Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ZontNews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сұхбат барысында жүргізуші Зеленскийден соғыс қимылдары қазіргі позицияларда тоқтатылып, ел аумағының 75 пайызы немесе одан да көп бөлігі Украина бақылауында қалатын бейбіт келісімге келісе ме екенін сұрады.
"Иә, қазір бізге [майдан шебін] тоқтатып қою қажет. Меніңше, бұл – соғысты аяқтаудың нақты жолы. Президент Трамп айтқандай, біз мұны оқ атуды тоқтату немесе адам өлтіруді доғару деп атаймыз", – деп жауап берді Зеленский.
Украина президентінің айтуынша, соғыс қимылдарын тоқтату қақтығысты одан әрі реттеудің алғашқы қадамы болуы тиіс.
"Тоқтатып, кідіре тұру керек. Бұл – бүгінде бізге Ресейден қажет ең төменгі талап. Содан кейін біз президент [АҚШ] пен еуропалықтардан қауіпсіздік кепілдігін сұраймыз", – деді ол.
Ресей тарапы не деді?
Сол күні Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Украинадағы қақтығыстың аяқталу перспективасына қатысты пікір білдірді.
"Қаншалықты жақындап қалғанымызды білмеймін, бірақ іс соған бет алды", – деді Ушаков журналистердің қақтығыстың ықтимал аяқталуы туралы сұрағына жауап бере отырып.
Бұл мәлімдеме Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Санкт-Петербургтегі кездесуінен кейін жасалды.
Ушаковтың айтуынша, Ресей тарапы қарашаның ортасында Украина және АҚШ-пен үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін білдірген. Келіссөздер өткізілуі мүмкін орын ретінде Абу-Даби қарастырылып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Оның пікірінше, бұл "2.0. Ыстамбұл формуласы" негізінде келіссөздерге оралуға және қауіпсіздік кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға мүмкіндік береді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз