Таиландтағы су тасқынынан 40 адам қаза тапты
Нөсер жауын Бангкок пен Таиландтың бірнеше ондаған провинциясында су тасқынына себеп болды. Табиғи апат салдарынан 40 адам қаза тауып, 50 мыңнан астам тұрғын зардап шекті. Бұл туралы ZontNews.kz. Tengri Travel-ға сілтеме жасап хабарлайды.
The Guardian мәліметінше, Бангкок пен оған жақын аудандарда бірнеше күн бойы толассыз жаңбыр жауған. 27 қыркүйекте қала су тасқынына байланысты апат аймағы деп жарияланды.
Әлеуметтік желілерде су тасқынының салдарын көрсететін видеолар тарады. Кадрларда көшелердің су астында қалғаны, көліктердің суда тұрғаны және тұрғындардың қайықпен жүргені көрінеді. Сондай-ақ Бангкоктың су басқан көшелерінің бірінде гидроциклмен жүрген ер адамды полиция ұстаған.
Су тасқыны Бангкоктағы Суварнабхуми әуежайының жұмысына да әсер еткен. The Star мәліметінше, Thai Airways қызметкерлерінің бір бөлігі жұмысқа келе алмаған. Соның салдарынан әуежайда багаж жиналып, бірқатар рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған.
Bangkok Post мәліметінше, су тасқыны шамамен 2700 шаршы шақырым аумақты қамтыған. Үкімет өкілдерінің айтуынша, елдің шығысындағы су басқан аудандарда 52 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілген. Бірнеше аурухана да су астында қалған.
Таиланд билігі зардап шеккен аудандарда суды сору, тұрғындарды эвакуациялау және шұғыл көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі су тасқынынан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Ақпаратты тексеруді жалғастырамыз», – деді СІМ өкілдері.
Бангкоктың кей аудандарында су деңгейі төмендей бастағанымен, бірнеше провинцияда жағдай әлі де күрделі. Сонымен қатар Тай метеорологиялық департаменті 5-8 қазан аралығында елдің бірқатар өңірінде жаңбырдың күшеюін болжап отыр. Оңтүстік аймақтарда нөсер жауынға байланысты қауіп сақталуы мүмкін.
Айта кетейік, 24 қыркүйекке қараған түні Паттайяда да су тасқыны болған. Ол кезде су деңгейі бір метрге дейін көтеріліп, жолдарды су басқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз