Оңтүстік Кореяда қазақстандықтар мен қырғызстандықтардың жаппай төбелесіне қатысты тергеу жүріп жатыр
Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында шетел азаматтарының қатысуымен болған жаппай төбелеске байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция жанжалға Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеруде, деп хабарлайды ZontNews.kz. Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 3 қазан күні кешке Пхёнтхэк портының маңында болған. Төбелеске шамамен 15 адам қатысқан. Оқиға орнына жақын жерде балабақша мен бастауыш мектеп орналасқан.
Полиция 20 жастағы Ресей және Қырғызстан азаматтарын ұстады. Жарақат алған екі ер адам ауруханаға жеткізілген. Олар төбелеске қатысқанын жоққа шығарып, көшеде кетіп бара жатқанда белгісіз адамдардың шабуылына ұшырағанын мәлімдеді.
Жанжалға қатысқан басқа адамдар оқиға орнынан қашып кеткен. Олардың жеке басы мен азаматтығы әзірге анықталған жоқ. Қазақстандықтардың қатысы болуы мүмкін деген болжамды растайтын нақты дерек те жоқ.
Оқиға орнынан ағаш тақтайлар мен бейсбол таяғы табылды. Ал темір шегелер қағылған қару қолданылғаны туралы ақпарат расталмады.
Тергеушілер бейнебақылау жазбаларын қарап, күдіктілер мінген болуы мүмкін көліктердің нөмірлерін анықтап жатыр. Сондай-ақ төбелеске қатысушылардың алдын ала кездесуге келіскен-келіспегені тексерілуде.
Кінәсі дәлелденгендер бес жылға дейін сотталуы немесе 10 миллион вонға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Дене жарақатын келтіргені анықталса, бас бостандығынан айыру мерзімі он жылға дейін жетуі ықтимал.
Шетел азаматтарына қылмыстық жазамен қатар Оңтүстік Кореядан депортациялану қаупі бар. Әзірге ұсталғандарды елден шығару туралы шешім қабылданған жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз