Үндістандағы халықаралық фестивальде қазақтың қолөнері мен өнері таныстырылды
Үндістанда өткен 39-шы Сураджкунд халықаралық қолөнер фестиваліне Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен дәстүрлі қолөнер шеберлері қатысты. Бұл туралы ZontNews.kz басылымы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фестиваль аясындағы концерттік бағдарламада Жамбыл облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның әртістері өнер көрсетіп, көрермендерге қазақтың ұлттық әні мен биін ұсынды. Өнерпаздардың қойылымдары ұлттық дәстүр мен мәдениеттің ерекшелігін паш етті.
Сонымен қатар фестивальде қазақстандық шеберлердің дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Келушілер ұлттық нақыштағы бұйымдармен танысып, қазақ халқының қолөнеріндегі шеберлік пен мәдени мұраның байлығын тамашалады.
Фестиваль қонақтары қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы мағлұмат алып, ұлттық мәдениеттің мазмұны мен ерекшелігін жақынырақ тануға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Сураджкунд халықаралық қолөнер фестивалі – әлемнің түрлі елдерінің мәдениеті мен дәстүрлі өнерін таныстыруға арналған ірі халықаралық мәдени алаңдардың бірі. Жыл сайын бұл шараға миллионнан астам адам келіп, қолөнер көрмелерімен, ұлттық билермен және түрлі мәдени бағдарламалармен танысады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз