Қымбатшылыққа қарсы наразылық Еуропаны шарпыды
Өмір сүру құнының өсуіне қарсы наразылық акциялары Франциямен ғана шектелмеді. Италия, Бельгия, Португалия және Албания тұрғындары да көшеге шықты. Бірнеше қалада шерулер полициямен қақтығысқа ұласты, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Миланда наразылық білдірушілер Милан соборының алдындағы алаңда полицияға тас лақтырды. Тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Беттерін тұмшалаған адамдар собор маңындағы Виктор Эммануил II сауда галереясына жасырынуға тырысты. Дүкендер жабылып, туристер алаңнан кетуге мәжбүр болды. «Дуомо» метро станциясының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Болоньяда полиция жиналғандарды суатқыш техниканың көмегімен таратты. Жеті адам ұсталды. Туринде де қақтығыстар болды.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони шерулер кезіндегі зорлық-зомбылықты айыптады.
– Наразылық білдіру – құқық. Ал қалаларымызды ұрыс алаңына айналдыруға болмайды, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Брюссельде бірнеше жүз адам, негізінен жастар, наразылық акциясына шықты. Студенттер оқу құнының қымбаттауына және жоғары білімнің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін реформаларға қарсы болды.
Беттерін жасырған шерушілер антифашистік ұрандар айтып, автокөлікті аударып тастады. Полиция көзден жас ағызатын газ бен суатқыш техника қолданды. Наразылық акциясы Льеж қаласында да өтті.
– Брюссельде болып жатқан жағдай енді жай ғана наразылық емес. Тәртіп орнату үшін барлық қажетті құралды қолданамыз, – деді Бельгияның ішкі істер министрі Бернар Кентен.
Лиссабонда ондаған мың адам бағаның өсуі мен тұрғын үй дағдарысына қарсы шеруге қатысты. Акцияны Португалияның ең ірі CGTP кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
Шерушілердің айтуынша, жалақының өсуі қымбатшылыққа ілесе алмай отыр. 2017 жылдан бері Португалиядағы тұрғын үй бағасы екі еседен астам өскен. Жаңа келісімшарттар бойынша жалдау ақысы да екі есеге жуық қымбаттады. Қыркүйектегі инфляция 3,6 пайызды құраса, жанармай бағасы бір жылда 15 пайызға көтерілген.
26 жастағы аспирант Каролина Круш айына шамамен 1300 еуро алады. Ол серігімен бірге пәтер үшін 716 еуро төлейді. Алайда келісімшарт жаңартылғаннан кейін жалдау ақысы 1200 еуроға дейін өсуі мүмкін.
– Отбасымызда аспирантураға түскен алғашқы адаммын. Бірақ осынша білім алғаныма қарамастан, табысымды күнделікті қажеттіліктерге жеткізе алмай жүрмін. Қазір Лиссабондағы басты мәселе – баспана, – деді ол.
Португалияның парламент істері жөніндегі министрі Карлуш Абреу Аморим үкіметтің «көшедегі айқайға көнбейтінін» және қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Албанияда премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап еткен студенттердің наразылығы бесінші күн қатарынан жалғасты. Білім министрлігінің ғимараты маңында полиция шерушілерге резеңке оқ қолданған болуы мүмкін. Оқ бытыралары бірнеше наразылық білдіруші мен Reuters агенттігінің екі журналисіне тиген.
Албания полициясының басшысы Скендер Хита арнайы құралдардың қолданылғанын жоққа шығармады.
– Біз барлық құралды, соның ішінде соңғы аталғандарын да шектеулі мөлшерде қолдандық, – деді ол.
Хитаның айтуынша, қызметтік өкілетін асыра пайдаланған жеті полиция қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілген. Барлығы 1067 адам ұсталып, 388 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
– Бұл – 13 жылға созылған жемқорлық, әрекетсіздік пен орындалмаған уәделердің салдары. Шыдамымыз шегіне жетті. Біз өз құқықтарымыз үшін осында тұрмыз, – деді 22 жастағы медицина студенті Юри Тауллаху.
Ал Эди Рама отставкаға кетпейтінін мәлімдеді.
Eurostat мәліметінше, 2021 жылғы тамыздан 2026 жылғы тамызға дейін Еуропалық одақ елдеріндегі азық-түлік бағасы 34 пайызға өскен. Тұрғындарды, әсіресе жастар мен баспананы жалға алушыларды тұрғын үй бағасы алаңдатады. Білім беру жүйесі мен басқа да мемлекеттік қызметтердің жағдайы да халықтың наразылығын күшейткен.
Дегенмен Еуропа бойынша біртұтас наразылық қозғалысы жоқ. Әр елдегі шерушілердің талаптары әртүрлі. Испанияда жалдау ақысының қымбаттауы мен баспана тапшылығына қарсы наразылықтар үкіметтің кезектен тыс сайлау жариялауына себеп болды.
Бұған дейін Францияда қымбатшылыққа қарсы шерулер тәртіпсіздіктерге ұласқан еді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 17 қазанда көшеге шамамен 550 мың адам шыққан. Ал CGT кәсіподағы шерушілер санын 800 мың деп бағалады.
Лиможда әкімдік ғимараты өртеліп, Марсельде наразылық білдірушілер қала әкімшілігіне басып кірді. Франция президенті Эммануэль Макрон тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалап, келтірілген шығынды өтетуге шақырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз