Израиль Ливанның оңтүстігіне соққы жасады
Израильдің әскери ұшақтары Ливанның оңтүстігіндегі Жоғарғы Набатийе елді мекенін 15 минутқа жетпейтін уақыт аралығында екі рет әуеден атқылады. Бұл туралы Ливанның NNA мемлекеттік ақпарат агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Израильдің әскери-әуе күштері Жоғарғы Набатийе маңындағы Али-Тахир орман алқабына да соққы жасаған. Кефертебнит елді мекені қатарынан үш рет бомбаланса, Шығыс Завтар ауылы артиллериялық шабуылға ұшырады.
Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
Бұған дейін Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің кезекті кезеңі Римде өтетіні хабарланған. Келіссөздердің жетінші раунды 4–6 тамыз аралығында Италия астанасында ұйымдастырылған еді.
Ливан премьер-министрі Наваф Салам үкімет Израиль әскерін ел аумағынан толық шығару және оңтүстік өңір тұрғындарының қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету мақсатында келіссөздерді жалғастыратынын мәлімдеген.
Израиль мен Ливан арасындағы жағдай 2 наурызда шиеленісе түсті. Израиль әскері Ливан аумағына жаппай әуе соққыларын жасап, елдің оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенді басып алды. Ливан билігінің дерегінше, қақтығыс салдарынан бір миллионнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған.
17 сәуірде атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді. Кейін оның мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз