Иран Ормуз бұғазын жабуды талқылап жатыр
Иран парламентінің комитеті АҚШ, Израиль және басқа да «жау» елдердің кемелерінің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын қарастырып жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz. Fars агенттігіне сілтеме жасап.
Заң жобасына сәйкес, енгізілетін шектеулерді бұзған кемелерге тасымалданатын жүктің жалпы құнының 20 пайызына дейін айыппұл салу ұсынылған.
Ирандық депутаттың айтуынша, құжат әзірге сарапшылардың қарауында. Парламент түпкілікті шешім қабылдамас бұрын мамандардың ұсыныстарын тыңдамақ.
Бұл ақпарат мұнай нарығына да әсер етті. Bloomberg мәліметінше, трейдерлер бұл жаңалықты Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспортына қатысты тәуекелдердің сақталуының белгісі ретінде қабылдаған.
Сонымен қатар, Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясы әскерилерінің орналасқан жерлеріне соққы жасағанын мәлімдеді. Бұған дейін олар Қызыл теңіздегі Янбу мұнай экспорт терминалы маңында саудиялық танкерге шабуыл жасағанын хабарлаған.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран үшін «тиімді келісімге қол қоюдың соңғы мүмкіндігі» қалғанын айтып, Парсы шығанағындағы одақтастарының өтініші бойынша әскери соққылардан бас тартып, келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз