Филиппинде жойқын жер сілкінісі болды: цунами қаупі жарияланды
Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралында магнитудасы 7,8 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апаттың ошағы Сарангани провинциясындағы Генерал-Сантос қаласының жағалауында орналасқан, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жер сілкінісінен кейін билік цунами қаупі туралы ескерту жариялап, жағалаудағы аудандар тұрғындарын қауіпсіз жерге көшуге шақырды. Осындай ескертулер көршілес Индонезия мен Жапонияда да таратылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Генерал-Сантос қаласында бірқатар нысан зақымданған. Филиппин президенті Фердинанд Маркос барлық тиісті мемлекеттік органдарға эвакуация және құтқару жұмыстарын жедел бастауды тапсырды.
Қазіргі уақытта қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Алайда полиция өкілдері жарақат алғандар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ кейбір тұрғындардың қатты қорқыныштан есінен танып қалғаны хабарланды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз