Delta Air Lines ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін қозғалтқышы өртенді
29 наурызда Бразилиядағы Гуарульюс халықаралық әуежайынан АҚШ-тың Атланта қаласына бағыт алған Delta Air Lines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай техникалық ақауға байланысты шұғыл түрде кері қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 22:49-да ұшып шыққан. Алайда көп ұзамай экипаж сол жақ қозғалтқышта ақау пайда болғанын байқап, әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдаған. Қону кезінде әуе кемесін өрт сөндіру және құтқару қызметінің арнайы техникалары қарсы алған.
Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақ аман-есен қонғаннан кейін барлық жолаушылар автобуспен терминал ғимаратына жеткізілді. Бразилияның азаматтық қорғаныс қызметі мен әуежай әкімшілігі оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпегенін растады.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаларда ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін оның сол жақ қозғалтқышынан жалын шыққаны анық көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, қозғалтқыштағы жарылыстан кейін жанған бөлшектер әуежай аумағына құлап, шөптің жануына себеп болған.
Сондай-ақ жарияланған диспетчерлік аудиожазбада әуе қозғалысын басқарушылар ұшқыштарға қанат маңында өрт байқалғанын ескертіп, шұғыл түрде әуежайға оралуды ұсынғаны естіледі. Кейін Delta Air Lines компаниясы аталған рейстің тоқтатылғанын хабарлады.
Оқиға салдарынан Гуарульюс халықаралық әуежайының жұмысына да уақытша өзгерістер енгізілді. Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, 14 рейс басқа әуежайларға бағытталып, тағы 28 рейс (ұшып келетін және ұшып шығатын) кейінге шегерілген немесе тоқтатылған. Оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы тергеу басталды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз