Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

БҰҰ: босқын балалардың 44 пайызы мектепке бармайды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қаз. 5, 2026, 6 Т.Қ.

2025 жылы әлем бойынша мектеп жасындағы 13,1 миллион босқын баланың 5,8 миллионы білім ала алмаған. Бұл босқын балалардың шамамен 44 пайызы. Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) жыл сайынғы есебінде айтылған, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

«Болашаққа жол: білім, мүмкіндік және өзін-өзі қамтамасыз ету» деп аталатын есепте білім беруді қаржыландырудың қысқаруы миллиондаған баланы оқудан айырып, осы салада жылдар бойы қалыптасқан жетістіктерге кері әсер етуі мүмкін екені атап өтілген.

Босқын балалар үшін бастауыш білімнен орта білімге өту әлі де негізгі мәселелердің бірі болып отыр. 2025 жылы бастауыш мектеп жасындағы босқын балалардың 65 пайызы білім алған. Ал орта мектепте оқығандардың үлесі небәрі 32 пайызды құрады.

Қыздардың жағдайы одан да күрделі. Бастауыш сыныптарда қыздар мен ұлдардың білім алу көрсеткіші шамалас болғанымен, орта білім деңгейіне келгенде айырмашылық арта түседі. Кедейлік, қауіпсіздік мәселелері, ерте неке және басқа да факторлар жасөспірім қыздардың мектептен кетуіне себеп болып отыр.

Жоғары білім беру саласында жағдай біршама жақсарған. 2025 жылы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан босқындардың үлесі 11 пайызға жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 9 пайыз болған. Былтыр алғаш рет 450 мыңнан астам босқын жоғары білім алуға мүмкіндік алған. Бұл – БҰҰ БЖКБ деректерді тіркей бастағаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен бірге жоғары білімге қолжетімділік елдер арасында біркелкі емес. Дерек ұсынған мемлекеттердің 80 пайыздан астамында жоғары оқу орындарында оқитын босқындардың үлесі жалпы ұлттық көрсеткіштен төмен.

Табысы төмен және қақтығыстардан зардап шеккен елдерде босқындардың небәрі 2 пайызы ғана жоғары білім алып жатыр.

Осыған байланысты БҰҰ БЖКБ халықаралық қауымдастық пен даму саласындағы серіктестерді білім беруді қаржыландыруды сақтауға және босқындарды қабылдап отырған елдердің ұлттық білім беру жүйелеріне инвестиция салуға шақырды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз