Бір ғасырда адамзаттың бойы орта есеппен 10 сантиметрге ұзарған
Соңғы 100 жыл ішінде әлем тұрғындарының орташа бойы шамамен 10 сантиметрге өскен. Зерттеушілер мұны тамақтану сапасының жақсаруы, медицинаның дамуы, вакцинацияның кең таралуы және тұрмыс деңгейінің көтерілуімен байланыстырады, деп хабарлайды ZontNews.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Our World in Data деректеріне сәйкес, 1996 жылы туған адамдар 1896 жылы дүниеге келгендерден едәуір бойшаң. Ең жоғары өсім Оңтүстік Корея әйелдері мен Иран ерлерінен байқалған. Бір ғасырда оңтүстіккореялық әйелдердің орташа бойы 20 сантиметрге, ал ирандық ерлердікі 17 сантиметрге ұзарған. Оңтүстік Кореядағы ер адамдардың бойы шамамен 15 сантиметрге өскен.
Дегенмен адамзат тарихында бой көрсеткіші үнемі өсе бермеген. Ғалымдардың болжамынша, шамамен 12 мың жыл бұрын адамдар аңшылық пен терімшіліктен егіншілікке көшкен кезде олардың орташа бойы қысқарған. Азық-түлік қоры тұрақталғанымен, ас мәзірінің жұтаңдауы және жұқпалы аурулардың таралуы адам денсаулығына кері әсер еткен.
Қаңқа қалдықтарын зерттеу нәтижелері XIV ғасырдағы оба індетінен кейін Англия тұрғындарының бойы өскен болуы мүмкін екенін көрсетеді. XIV ғасырдың басында олардың орташа бойы шамамен 170 сантиметр болса, XV ғасырдың басында 174 сантиметрге жеткен. Мамандар мұны халық санының азаюынан кейін жалақының өсуі және тұрмыс жағдайының жақсаруымен түсіндіреді.
XVIII ғасырдағы өнеркәсіптік революцияның алғашқы кезеңінде санитарлық жағдайдың нашарлығы, тар баспана мен ауыр еңбек халық денсаулығына кері ықпал етті. Кейін медицина, тамақтану және тұрғын үй жағдайы жақсарған соң адамдардың орташа бойы қайта өсе бастаған.
Our World in Data мәліметінше, 1996 жылы туған ер адамдардың әлемдік орташа бойы 171 сантиметрді, ал әйелдердікі 159 сантиметрді құрады.
Зерттеушілер экономикасы дамыған елдерде адамдардың бойы табиғи шегіне жақындаған болуы мүмкін деп есептейді. Сонымен қатар бой өсімінің баяулауына фастфуд өнімдерін көп тұтыну мен қозғалысы аз өмір салты да әсер етуі ықтимал.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз