АҚШ Иранға қарсы операциясын аяқтап, жаңа стратегияға көшті
АҚШ билігі Иранға қарсы жүргізілген «Эпикалық қаһар» әскери операциясының аяқталғанын жариялады. Бұл туралы Марко Рубио Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, 28 ақпанда басталған операция өз мақсатына жетіп, толық аяқталған. Конгресс хабардар етілгеннен кейін Вашингтон жаңа кезеңге өткенін мәлімдеді.
«Енді біз «Бостандық жобасы» операциясына кірістік», – деді Рубио.

Бұған дейін Пентагон бұл әскери науқанға шамамен 25 млрд доллар жұмсалғанын хабарлаған. Алайда америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне сәйкес, нақты шығындар 50 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа «Бостандық жобасы» операциясы шектеулі әрі қорғаныс сипатында өтеді. Оның негізгі мақсаты – Ормуз бұғазы аймағында коммерциялық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды сүйемелдеу.
Дональд Трамп бұл бастама қақтығыс аймағында қалған шетелдік кемелерге көмек көрсетуге бағытталғанын және гуманитарлық сипатқа ие екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай өтінішпен Вашингтонға бірнеше ел жүгінген.
Ал Пит Хегсет жаңа операцияның алдыңғысынан айырмашылығы бар екенін және шабуылдаушы әрекеттерді көздемейтінін атап өтті.
Кейінірек Трамп Truth Social желісінде бұл жобаны уақытша тоқтату мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жазды. Оның айтуынша, Пәкістан тарапынан делдалдық ұсыныстар түсіп, Иранмен бейбіт келісімге келу ықтималдығы бағалануда.
Иран әзірге бұл мәлімдемелерге ресми жауап берген жоқ. Бұған дейін ел парламентінің спикері Мохаммед-Багер Ғалибаф АҚШ пен оның одақтастарының әрекеттері аймақтағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз