АҚШ-тың Грекиядағы елшісі қызметінен кетті
АҚШ-тың Грекиядағы елшісі Кимберли Гилфойл қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және бопсалаумен айналысты деген айыптаулардан кейін отставкаға кетті, деп хабарлайды ZontNews.kz. Euronews басылымына сілтеме жасап.
АҚШ президентінің үлкен ұлы Дональд Трамптың бұрынғы қалыңдығы қызметінен кететіні туралы мәлімдемесін X әлеуметтік желісінде жариялады. Ол президент пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға білдірген сенімі үшін алғыс айтып, елші болуды өміріндегі ең үлкен мәртебе деп атады.
Гилфойл өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды жалған деп мәлімдеді. Сондай-ақ өзінің есімі мен беделін қорғауға ниетті екенін жеткізді.
Бұған дейін Дональд Трамп әкімшіліктің Гилфойлды қызметінен босату мәселесін қарастырып жатқанын айтқан. Кейін Ақ үй одан отставкаға кетуді сұрағанын растады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэти Захария Гилфойлдың Трамп командасында елеулі жұмыс атқарғанын атап өтіп, оған алдағы уақытта сәттілік тіледі. Алайда әкімшілік отставканың елшіге қатысты айтылған айыптаулармен байланысы бар-жоғын ресми түрде нақтыламады.
Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, Гилфойл қызметтік жағдайын жеке мүддесіне пайдаланған, бопсалаумен айналысқан және грек шенеуніктеріне қысым көрсеткен болуы мүмкін.
The Wall Street Journal басылымы оның тиісті талаптарға сай келмейтін сыйлықтар мен қызметтерді қабылдағаны, сондай-ақ несие картасындағы қарызын өтеу үшін әкімшіліктегі ықпалын пайдаланбақ болғаны туралы жазды.
Гилфойлдың адвокаттары бұл айыптауларды жоққа шығарды. Олардың сөзінше, кәсіпкер Эрик Детерс оған сөйлеген сөздері мен консультациялық қызметтері үшін шамамен 150 мың доллар қарыз болған. Ал кәсіпкер ұсынған бір миллион доллардан Гилфойл бас тартқан.
Қорғаушылар оның сыйлықтар қабылдау және жеке ұшақтарды пайдалану мәселелерін АҚШ Мемлекеттік департаментімен келісіп, этикалық талаптарды сақтағанын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз