Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Жанәбіловке қатысты іс тоқтатылды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қаз. 2, 2026, 2:33 Т.Қ.

Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасы-тұрмыстық жанжал бойынша қозғалған әкімшілік іс тоқтатылды. Сот ерлі-зайыптының татуласқанын ескеріп, осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды  ZontNews.kz.  

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, іс 1 қазанда жабық отырыста қаралған.

Іс материалдарына сәйкес, 30 қыркүйекте Жанәбілов үйінде жанжал шығарып, жұбайының қолынан ұстап, оның тыныштығын бұзған. Құқық қорғау органдары оның әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталмағанын хабарлаған. Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған.

Сот отырысында блогер хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындаған. Ол жұбайымен татуласуға ниетті екенін айтқан. Тараптардың жазбаша татуласу келісімі сотқа ұсынылған.

Эльмира Төлегенова да күйеуінің өзіне қол көтермегенін, екеуінің арасында сөзге келіспеушілік болғанын мәлімдеген. Ол татуласу келісіміне ешқандай қысымсыз қол қойғанын растаған.

Сот Жанәбіловтің бұған дейін мұндай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Осыған байланысты сот тараптардың татуласуына байланысты әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жанжал қалай болған?

30 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Эльмира Төлегенованың Instagram Stories-тегі видеолары тараған. Онда ол күйеуінің туыстарынан бой тасалап, киім-кешек жиналатын бөлмеде отырғанын айтқан. Сондай-ақ жақындары телефоны мен жеке заттарын алып қоюға әрекеттенгенін мәлімдеген.

Астана полициясы әлеуметтік желілерді бақылау барысында отбасыдағы жанжал туралы ақпаратты анықтаған. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтаған.

Алайда Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан. Кейін Instagram парақшасында өзіне қол көтерілмегенін мәлімдеген.

Соған қарамастан, полиция Жанәбіловке қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекет фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, оны уақытша ұстау бөлмесіне қамаған.

Бұған дейін полиция Жанәбіловтің пробациялық бақылау талаптарын да бұзғанын хабарлаған. Аталған дерек бойынша жиналған материалдар сотқа жолданған.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз