Ыстық сусын обыр қаупін арттырады
Денсаулық сақтау министрлігі тым ыстық шай мен кофе ішудің өңеш обырына шалдығу қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомство Оксфорд университеті ғалымдарының миллионға жуық адамның деректеріне жүргізген зерттеу нәтижесін жариялады. Мамандардың мәліметінше, сусынның мөлшерімен қатар, оның температурасы да маңызды.
Зерттеу нәтижесінде өте ыстық сусындарды жиі ішетін адамдарда өңештің жалпақ жасушалы обырының даму қаупі жылы сусындарды тұтынатындармен салыстырғанда үш еседен астам жоғары болғаны анықталған.
Ал күніне алты немесе одан көп кесе ыстық сусын ішу обырдың осы түрінің даму қаупін 71 пайызға арттыруы мүмкін.
Ғалымдар шай мен кофенің әсерінен айтарлықтай айырмашылық таппаған. Олардың пікірінше, негізгі қауіп сусынның түріне емес, жоғары температурасына байланысты. Өте ыстық сұйықтық өңештің шырышты қабатын зақымдауы ықтимал.
Министрлік шай мен кофеден толық бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Мамандар сусынды аздап салқындатып, ауызды күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеуге кеңес берді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз