Шетелде жұмыс іздеушілерге ескерту жасалды
Шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған ұсыныстар көбейгеніне байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шетелде жылдам әрі жоғары жалақылы жұмысқа орналасуды ұсынатын жарнамалар жиілеген. Комитеттің мәліметінше, мұндай ұсыныстардың басым бөлігі Қазақстанда ресми тіркелмеген және заң талаптарын сақтамайтын шетелдік делдалдар мен күмәнді ұйымдардан түседі.
Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы оңай табыс табуға ұмтылған азаматтар ірі көлемде қаржысынан айырылып, құқықтық кепілдіктерсіз қалуы және шетелде қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар көбіне Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан, зардап шеккендердің құқықтарын қорғау қиынға соғады.
Көші-қон комитеті азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі кездейсоқ хабарландыруларға сенбеуге және күмәнді жұмысқа орналастырушы делдалдарға ақша аудармауға шақырады.
Шетелде қауіпсіз жұмысқа орналасу үшін ресми аккредиттелген операторлардың қызметін пайдаланып, барлық құжаттар мен рұқсаттарды алдын ала мұқият тексеру қажет.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз