Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Қазақстанға кіру тәртібі өзгереді: 2027 жылдан бастап шетелдіктерге электронды рұқсат қажет

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қаз. 15, 2026, 10:30 Т.Ж.

2027 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанға келетін бірқатар шетел азаматы елге кірмес бұрын электронды рұқсат рәсімдеуге міндетті болады. Құжатты алдын ала алмаған азаматтардың елге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Электронды рұқсатты арнайы цифрлық платформа арқылы тегін рәсімдеуге болады. Ол үшін шетелдік Қазақстанға келетін күнге дейін кемінде 72 сағат бұрын өтініш беріп, жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуі керек. Рұқсат ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін ішкі істер органдары тарапынан беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – 180 күнтізбелік күн.

Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап ол Ақтау халықаралық әуежайында және бірқатар автомобиль өткізу бекетінде іске қосылады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талап Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында қолданыла бастайды. Ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап мемлекеттік шекарадағы қалған өткізу бекеттеріне енгізіледі.

2027 жылғы 1 шілдеге дейін электронды рұқсаттың болмауы өздігінен елге кіргізбеуге негіз болмайды. Бұл кезеңде шетел азаматтарына жаңа талаптарды сақтау қажеттігі түсіндіріледі.

Электронды рұқсат алу талабы АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Аустралия, Жапония, Үндістан, Иран, Түркия және басқа да елдердің азаматтарына қатысты болады. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары мен Қазақстанмен визасыз сапарлар туралы келісімі бар мемлекеттердің азаматтары да талап аясына кіреді.

Сонымен қатар бірқатар санатқа жеңілдік қарастырылған. Қазақстанның жарамды визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер, 16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдар электронды рұқсат алудан босатылады. Дипломаттар, ресми делегация мүшелері, көлік экипаждары мен халықаралық тасымал жүргізушілеріне де ерекше тәртіп қолданылады.

Қаулыда шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімдері де нақтыланған. Визасыз келген азаматтар елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін бола алады. Алайда кез келген 180 күндік кезеңдегі жалпы мерзім 90 күннен аспауға тиіс. ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстанда бір келгенде 90 күнге дейін бола алады, бұл ретте 180 күн ішіндегі жалпы мерзімге қатысты шектеу сақталады.

Бұдан бөлек, шетелдіктердің елде еңбек етуі үшін тиісті рұқсат құжаттары болуы қажет. Оларды қабылдайтын тарап көші-қон органдарына шетел азаматының келгені туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Уақытша тұратын мекенжайы өзгерген жағдайда да белгіленген мерзімде хабарлау қажет.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз