Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың банк шоттары, депозиттері, кірістері мен шығыстары ескеріледі. Отбасының материалдық жағдайы «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі арқылы бағаланады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жаңа тәртіп аясында екінші деңгейлі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады.
Министр бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Наталья Рамазанованың сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді. Депутат мемлекет қолдауына мұқтаж емес азаматтарды анықтау тәртібі және отбасының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі қалай өзгеретіні туралы сұраған.
Ертаевтың түсіндіруінше, отбасының әл-ауқаты мемлекеттік дерекқорлар негізінде сегіз бағыт бойынша бағаланады. Олардың қатарында жұмыспен қамтылу, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік міндеттемелер мен білім деңгейі бар. Бағалау ай сайын жүргізіледі.
Жаңа жүйеде отбасылар әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді: А – табысы жоғары, В – тұрмыстық жағдайы жақсы, С – қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Жаңа ережеге сәйкес, А және В санаттарына жатқызылған отбасылар белгіленген тізімдегі жәрдемақыларды ала алмайды. Егер отбасының материалдық жағдайы нашарлап, ол С, D немесе Е санатына өтсе, мемлекеттік қолдау қайта тағайындалуы мүмкін.
Өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының 10 түріне қатысты қолданылады. Олардың қатарында бала туған кездегі біржолғы жәрдемақы мен бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы күтім төлемі де бар.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз