Түркістанда жол апатынан полиция капитаны қаза тапты
Түркістанда түнде болған ауыр жол-көлік оқиғасы салдарынан патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков көз жұмды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оқиға орнынан тараған видеолардан жол қиылысында кемінде екі полиция автокөлігінің соқтығысқаны көрінеді. Соққының қатты болғаны сонша, көліктердің бірінің алдыңғы бөлігі қатты зақымданған.
Әлеуметтік желілерде апаттың себептері туралы түрлі болжамдар айтылуда. Алайда көліктердің жоғары жылдамдықпен жүргені туралы ақпаратқа әзірге ресми растау жоқ.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция қызметкерінің қаза тапқанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп жазды министр.
Қазіргі уақытта жол апатының нақты себептері мен кінәлі тұлғалар анықталып жатыр. Түркістан облысы полиция департаменті әзірге оқиғаның мән-жайына қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз