Тауман Назарбаевтың тойы қалай өтті?
21 жастағы Тауман Назарбаевтың үйлену тойы Астанада бөгде адамдардың қатысуынсыз өтті. Қонақтардан телефондарын арнайы құлыпталатын қаптарға салу сұралған. Негізгі тойдан кейін мереке жабық форматтағы кеште жалғасты, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Үйлену тойы The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде ұйымдастырылған. Ғимараттың қабылдау аймағы мен баспалдағы ақ гүлдерден жасалған композициялармен безендірілген. Сол күні қонақүйдің лоббиінде отыруды қалаған адамдарға мұнда «өте маңызды іс-шара» өтіп жатқаны айтылып, тойға шақырылғандар үшін ғимараттың бүйірінен бөлек кіреберіс қарастырылған.
Кеште қазақстандық әнші Jah Khalib өнер көрсетті. Ұйымдастырушылар мерекенің құпиялылығына ерекше мән берген. Қонақтардың телефондары құлыппен жабылатын арнайы қаптарға салынып, камераларды пайдалануға шектеу қойылған. Соған қарамастан, кейбір қонақтар әншімен суретке түсіп үлгерген.
Тойға қатысушыларға тойбастар ретінде шағын гүл шоқтары таратылған. Қонақүйге келген әйелдердің бірі өзіне той қонағы гортензия мен пион тәрізді раушандардан құралған гүл шоғын бергенін айтты. Оның сөзінше, қызыл гүлдерден жасалған композициялар да болған. Ал сарқыт ешқандай жазуы жоқ жабық ақ пакеттерге салынған.
Негізгі мерекеден кейін қонақтар Lilou Bar мекемесінде ұйымдастырылған жабық кешке барған. Сол күні бар жеке іс-шараға байланысты өзге келушілерді қабылдамаған. Мекеме әкімшілігі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында алдын ала хабарлаған.
Ulysmedia.kz мәліметінше, Тауман Назарбаев Айдана Сәрсембаеваға үйленген. Екеуі де 2004–2005 жылдары дүниеге келген, қазір 21 жаста.
Тауман – Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Исабаеваның, сондай-ақ Әсел Құрманбаева есімімен белгілі әйелдің үлкен ұлы. Қазақстанның тұңғыш президентінің екінші отбасы туралы ұзақ уақыт бойы ресми ақпарат жарияланбаған. 2023 жылы Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты мемуарында Әселмен мұсылман дәстүрі бойынша некелескенін жазды. Олардың отбасында 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Байкен есімді ұлдары дүниеге келген.
Қалыңдық Айдана – бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, сондай-ақ «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясын басқарған Әділбек Сәрсембаев пен Әлия Иманбаеваның қызы. Ол 2004 жылғы 24 желтоқсанда туған.
Әділбек Сәрсембаев ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Ол елорда әкімдігінде және Президент әкімшілігінде жұмыс істеп, Петропавл әкімінің бірінші орынбасары әрі Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болған. Кейін «Қазақстан инжиниринг» компаниясын басқарды. 2021 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2022 жылдың тамызына дейін атқарды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз