Шымкентте қыз алып қашу ісі бойынша 3 адам 3 жылға сотталды
Шымкент соты өткен жылдың қараша айында болған қыз алып қашу оқиғасына қатысты резонансты іске үкім шығарды. Айыпталған үш жігіттің әрқайсысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды, төртінші күдікті әлі ұсталған жоқ, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сот барысында анықталғандай, қыз бен жігіт бір-бірін танып, кездесіп жүрген. Алайда кәмелетке толмаған қыз некеге тұруға келісім бермеген. Судья үкім шығару кезінде осы жағдайға ерекше назар аударды. Сотталғандардың туыстары үкіммен келіспейтінін жеткізді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы 2-бөлігі 1), 2), 4) тармақтары бойынша айып тағылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, олар сыбайласымен алдын ала келісіп, Шымкенттегі Ташкент тас жолы бойындағы жанармай бекеті маңында кәмелетке толмаған қызды күштеп көлікке отырғызып, Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылына алып кеткен. Онда жәбірленушіні күш қолданып, некеге тұруға мәжбүрлеген.
Сотта айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарымен толық дәлелденгені айтылды.
Мемлекеттік айыптаушы әр сотталушыға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Жәбірленуші тарап та қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.
Сот үш айыпталушыны кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз