Сенат амнистия туралы заңды мақұлдады: мыңдаған адам қамтылады
Сенат қылмыстық және әкімшілік амнистия туралы заңды мақұлдады. Алдын ала бағалау бойынша, амнистия 16,5 мыңнан астам адамды қамтиды. Оның ішінде 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершіліктен толық босатылады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе ауырлығы шағын және орташа қылмыс жасаған, келтірілген зиянды толық өтеген немесе жәбірленуші тараптың талабы жоқ азаматтар жазадан босатылады.
Сондай-ақ мінез-құлқы оң деп танылған және жазасының өтелмеген мерзімі бір жылдан аспайтын сотталғандар негізгі жазадан босатылуы мүмкін. Кейбір санаттар үшін жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.
Амнистия ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлеріне де ішінара қолданылады, алайда терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, ұйымдасқан қылмыс, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар және рецидив жағдайлары қамтылмайды.
Алғаш рет Қазақстанда әкімшілік амнистия да енгізілмек. Ол төленбеген айыппұлдарды кешіруді көздейді және шамамен 1 миллионға жуық әкімшілік іс бойынша қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әкімшілік амнистияның жалпы көлемі 17 млрд теңгеден асады.
Заң сондай-ақ амнистияға іліккен азаматтарды қайта әлеуметтендіру шараларын қарастырады. Олардың қатарында жұмыспен қамту, әлеуметтік орталықтарға орналастыру, медициналық және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қорғау шаралары бар.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз