Ресейде қазақстандық жігіт қамауда қалды
Ресейге жұмыс істеуге барған 20 жастағы шымкенттік азамат елге қайта алмай отырғанын оның анасы мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, ұлы жоғары жалақы ұсынылған жұмысқа барған, алайда кейін оны соғысқа жібермек болған, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Туыстарының мәліметінше, жігіт 27 тамызда Ресейге өткен. Орыс тілін жақсы білмейтін оған жергілікті азаматтар мектеп пен балабақшада күзетші болып жұмыс істеу үшін құжаттарға қол қою қажет екенін айтқан. Кейін оның әскери қызметке баруы тиіс екені белгілі болған.
Жігіттің анасының сөзінше, ұлын барудан бас тартса, 15 жылға сотталатынын айтып қорқытқан. Қазір ол полигонда жүргенін анасына телефон арқылы айтып, көмек сұраған.
Жігіт бұған дейін Қазақстанда әскери борышын өтеп, кейін күзетші болып жұмыс істеген. Ресейдегі жұмыс туралы оған жоғары жалақы, тегін жатын орын және тамақ ұсынылған.
Жақындары осы жағдайға байланысты тиісті органдарға жүгінген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты Ресей Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.
«Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз», – деді СІМ өкілдері.
Заңгерлер мұндай жағдайлардың бұған дейін де болғанын айтып, шетелге жұмысқа барар алдында еңбек келісімшартын мұқият тексеруге кеңес береді. Мамандардың айтуынша, ауызша уәделерге емес, құжатта нақты көрсетілген шарттарға мән берген жөн.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз