Мыңнан астам әйел декреттік төлемдерге қатысты тергеуге ілінді
Қазақстанда декреттік төлемдерді заңсыз көбейту схемаларына қатысты мыңнан астам әйел тергеліп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен бақылаушы органдар жүргізген тексерістер нәтижесінде елдің 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сүйене отырып, декреттік төлемдерді тағайындау жүйесіндегі олқылықтар салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 67 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырағанын айтқан болатын.
Аудит барысында кейбір әйелдердің әлеуметтік төлем көлемін арттыру мақсатында бір мезгілде бірнеше ұйымға жұмысқа тіркелгені анықталған. Жекелеген жағдайларда олардың саны 42 жұмыс орнына дейін жеткен. Мұндай заңбұзушылықтар 17 мыңнан астам алушыға қатысты тіркеліп, төленген қаражат көлемі 28,6 миллиард теңгені құраған.
Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі таңда тергеліп жатқан істер бойынша алдын ала шығын көлемі шамамен 3 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Сонымен қатар заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты тоғыз қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққан.
Мемлекеттік органдар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз