ҚМДБ Imam AI сервисін пилоттық режимде іске қоспақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамыр айының басында жасанды интеллектке негізделген Imam AI сервисін пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жобаны таныстырған Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікқанұлының айтуынша, жаңа құрал пайдаланушыларға діни сұрақтар бойынша жедел әрі сапалы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе сұрақтарға жылдам жауап беріп, халыққа қолжетімді кеңес ұсынуды көздейді.
Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізудің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, заманауи технологиялар діни қызмет сапасын арттырып, саладағы жұмысты тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жауапты бөлімдерге жобаны уақытылы әрі сапалы іске асыру тапсырылды.
Айта кетейік, Imam AI бастамасы жыл басында ұсынылған болатын. Жоба аясында сенімді дереккөздерге сүйене отырып, діни сұрақтарға жедел жауап беретін арнайы мобильді қосымша әзірленуде. Бұл бастама азаматтардың сұранысына жедел жауап берумен қатар, дін қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға бағытталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз