Қызылордада мал шаруашылығының қаржысы жымқырылды
Қызылорда облысында мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген 60 млн теңгені жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
ҚМА мәліметінше, 2021 жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жалпы құны 311 млн теңге болатын жоба ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданының тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Қаражатқа 1 600 қой, 130 ірі қара және ет қаптауға арналған жабдық сатып алу жоспарланған.
Тергеу мәліметі бойынша, мал сатып алынғаннан кейін кәсіпорын басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерлерінің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз